Шерхан Мұртазаға арнау
Топырағынан тұнық бір алып нәрді,
Жарқ еткен ізінде бір жарық қалды.
Жуалының жусанды саз даласы
Тудырған Шерхан сынды алыптарды.
Шер атам әдебиеттің тұғыры енді,
Мәңгілік басталды ғой ғұмыры енді.
Талай рет шындық болып шырылдады
«Мылтықсыз майдан» болып күңіренді.
Айта алды оқты сөзін ұққандарға,
Қасқайды әділ сөзі құпталғанда.
Сол арлы адалдықты тастап кетті
«Шерағаң шекпенінен» шыққандарға.
Жай қарамай Тұрар тағдыр ғазалына,
Том кітаптың ішінде ғажабы да.
Шерханы Мұртазаның ғұмырында
Тұтастай қызмет етті қазағына.
Атына елең еткен бүкіл Тұран
Шерханым Мыңбұлақтан ұшқан қыран
Тұрардың тау тұлғасын жасап кетті
Айта алмас ешбір адам бұған күмән.
Әр сөзі жүк көтерген татыр нарға,
Тізгін салған талай епсіз батырларға.
Жалғанның бетпердесін сыпыратын
«Қып-қызыл жебе» болып атылғанда.
Отырмады шықтым деп жайлы шыңға
«Елім» деп еміренді қайғы-мұңда,
Журналистік күмбез де соққан өзі,
Еркін жүзіп әдебиет айдынында.
Енді ешкім ол айдынға қона алмайды
Енді ешкім ондай күмбез соға алмайды
Туылар талай Шерхан қазағымда
Шерханы Мұртазаның бола алмайды.
10 «Ә» сынып оқушысы
Кенешбекова Аяулым