01
қыркүйек
2019
День знаний - 2019
БІЛІМ ОРДАМЫЗДАҒЫ «БІЛІМ КҮНІ»
Білім күні - барлық балалар, педагогтар, ата-аналар үшін үлкен мереке, зор қуаныш. 2019-2020 оқу жылы атаулы оқиғаларға толы. Атап айтсақ, 2019 жыл Қазақстанда «Жастар жылы», ТМД-да «Кітап жылы» деп жарияланды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтілетін болады.
Күздің алғашқы күні еліміздің барлық білім беру мекемелерінде,соның ішінде біздің де білім ордамызда Білім күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Аталмыш мерекеге орай, ұмытылмас мерекелік нөмірлер дайындалды: құлаққа жағымды сөздер, ән, би, театрландырылған қойылым. Қойылымда Абай Құнанбайұлы «Адам болам десеңіз» өлеңін оқып, балаларды «бес дұшпаннан: өсек, өтірік, мақтаншақ,еріншек, бекер мал шашпақ» қашық болып, «бес асыл іске: еңбек, талап, терең ой, қанағат, рақым» сияқты игі істерге құштар болуға шақырды. Алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған кішкентай бүлдіршіндеріміз оқуда озат, білімге құштар, ойлы азамат болуға уәде берді.
Гимназия директоры Қызылғұлова Ләззат Әбілдақызы қала, облыс, республика, халықаралық деңгейдегі жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттерімізді мақтан тұтатынын атап өтіп, жаңа оқу жылында жетістіктердің одан әрі жалғасын табуына бізге сенім білдірді. Өткен оқу жылындағы мектептің жеткен жетістіктеріне тоқтала келе, оқу үлгерімі жөнінде көшбасшы мектептердің қатарында екенін айтты.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы білім саласын бақылау департаментінің басшысы Үскімбаева Дәмеш Шайхықызы, Жамбыл облыстық прокуратурасының бас прокуроры Кусаинов Жаркын Куанышевич жиынымыздың құрметті қонағы болды.Дәмеш Шайхықызына сөз беріліп, гимназиямыздың оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтады. Жаңа оқу жылында облысымыздың, мектебіміздің даңқын асқақтатар білімнің биік белестерін бағындыра беруімізге тілек білдіріп, сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»
Жолдауы
Білім күнімен тұспа – тұс жарияланған Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын басып айтты да, осы мақсатты жүзеге асыру үшін халықты бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Алдағы уақытта әлемге мәшһүр болған ұлы тұлға иелерінің, оның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуде ысырапшылдыққа жол бермей, еңбектерін жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында халық арасында дәріптеу керектігін басты назарға алды.
Ел болашағы – білімді ұрпақта. Білім тоқтаусыз, толассыз үрдіс. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалығы қалыптасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт – бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.» Сондай – ақ, « аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын», - деді. Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі – оқулық сапасының төмендігін айта отырып, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің міндеті екенін атап өтті.
Айқындалған мақсаттарды орындаушы – біздің болашақ жастар болса, жастарды тәрбиелеу – ұстаздар қауымына ортақ іс. Ал бұл дегеніміз – саналы, білімді ұрпақ тәрбиесі үшін жауапты ұстаздарға міндеттелген тапсырма.
Ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі шараларға қолдау көрсету – ұстаздық парызымыз.