ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 155 ЖЫЛ!
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 155 ЖЫЛ!
5 наурызда гимназиямызға аты берілген, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойы атап өтілді.Гимназия кітапханасында «Ұлт көсеміне 155 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы, Алаш қозғалысы туралы мәлімет жинақталған кітаптар мен «Алаш қозғалысы» журналынан материалдар қойылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі, халқымыздың біртуар перзенті – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың еліміздің өткен тарихындағы атқарған ерлік ісі, қалдырған мұралары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Халқының жарқын болашағына, елінің азаттығы жолында аянбай қызмет еткен Әлихан Бөкейханның тарихтағы алар орны ерекше.
ХХ ғасыр басындағы кезеңді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановсыз елестету мүмкін емес. Өйткені, ол осы кезеңдегі қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін жұрт жұмысының жауапкершілігін мойнына жүктеп, басын бәйгеге тіккен тарихи тұлға.Қайраткер мұрасын арнайы зерттеп жүрген С.Аққұлұлы: «Әлиханды да «Қазақ» газетінен бөліп қарауға болмайды, Ахаң сынды оның да газетті шығаруға еңбегі ерекше сіңді деп санайды.
«Журналистика» үйірмесі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына «Әлихан Бөкейханов және «Қазақ» газеті» тақырыбында бейнематериал дайындады, бастауыш сынып оқушылары ұлт көсемінің нақыл сөздерін оқып, 5-11 сынып оқушылары аудармаларын жатқа оқып, челлендж ұйымдастырды. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бірлестігі де, гимназия ұстаздары мен оқушылар арнайы дайындаған бейнематериалын көрермен назарына ұсынды.
"Тапқыр" дебат клубында "Әлихан қазақ қоғамына несімен қымбат?" атты дөңгелек үстел өткізілді. Еліміздің болашақ ұрпақтарының азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғаның есімін ұлықтау, бар ғұмырын қазақ елінің тәуелсіздігіне арнаған ұлт көсемінің өмірімен таныстыру, қоғамдық саяси қызметін жастарға үлгі ету мақсатында өткен іс-шарада оқушылар белсенділік танытты.
«Алаш көсемі» тақырыбында 1-11 сынып аралығынды бірыңғай тәрбие сағаттары өткізілді. Әлихан Бөкейханов бар саналы ғұмырын құлдық қамытын киіп, Ресей патшасына кіріптар болған қазақ даласын азат етуге арнады. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының басын ортақ мүдде жолында біріктіріп, есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылды.
Қазақ тарихындағы ұлт басына төнген нәубет, зобалаң жылдарда жеке мүддеден ұлт мүддесін артық қойып, елінің тәуелсіздігі жолына өмірін арнаған Әлихан Бөкейхановтың тарихи ерлігінен бүгінгі ұрпақ үлгі алуы тиіс.