12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлері күні
2012 жылдан бастап ғылым қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіліп келе жатқан дәл осы айтулы күні қазақ академигі, ғалым, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келгенін бірі білсе, бірі білмес.
Қазақстанда ғылым саласының қалыптасуына 1946 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясы құрылуы негіз болды. Бүгінгі таңда елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Осыған орай, қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оң нәтижесін көрсетіп келеді.
«Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деп Әл-Фараби ғұлама айтқандай, қазіргі жаһандану заманында ғылымның дамуы – әрбір мемлекеттің дамуына септігін тигізетін маңызды фактор. Ендеше, ғылымды дамыту арқылы ел дамуына үлес қосып жүрген барша ғалымдарымызды мерекемен құттықтаймыз!