ӘЙЕЛ-ОТБАСЫНДА ШУАҚ, ҚОҒАМДА-ТІРЕК
ӘЙЕЛ-ОТБАСЫНДА ШУАҚ, ҚОҒАМДА-ТІРЕК
8 март — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, «Әйел – отбасында шуақ, қоғамда-тірек» атты Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Б.Б.Әлмұратова 7-сынып қыздары және сынып жетекшілерімен бірге дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - болашақ ұрпаққа дүниедегі жақсылық атаулының барлығы күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру, ананы қадірлеп сыйлай білуге, жас ұрпақ тәрбиесіне зор еңбек сіңіріп жүрген азаматшаларға құрмет көрсету.
Бүгінгі заманда әйелдің қоғамда атқаратын рөлдері арасындағы айырма қарқынды ұлғайып келеді. Бір полюстің басында – әйелдері отбасы төңірегінде шектелген елдер, ал екінші полюсте – керісінше әйелдері балаларына, ұрпақ жалғастығына деген сезімдерінен айрылып, отбасынан жедел алыстап бара жатқан мемлекеттер тұр. Осы екі полюс ортасындағы біздің еліміздің жағдайы – нағыз «алтын аралық». Біздегі әйелдер жұмыста да, спортта да, ғылымда да орасан зор табыстарға жетуде.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды». Расында да, анамыз барда жасымыз жүздің асуынан асса да, өзімізді әрқашан бейкүнә сәбидей сезінеміз. Небәрі үш-ақ әріптен құралған сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, әрдайым баласы үшін шыр-пыр болып жүретін анамыздың жұмақ иісі аңқыған, балдай тәтті ақ сүтінің алдында мәңгілік қарыздармыз.
Ана жайлы ойыңды айтып тауысу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген құрметі, махаббаты шексіз. "Анаңның ақылы - жүздеген ұстаз, мың сан мектептен артық тәрбие", - деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек. Себебі, қандай тәлім–тәрбие беріп, сені алтынмен аптап, күміспен күптеп қойса да, анаңның берген ақылы мен жылы алақанына ештеңе татымайды. Қорыта айтқанда, барлық адам баласы ана алдындағы перзенттік парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, киелі жандардың бақытты болуын ойлауы керек.