«Отан – отбасынан басталады»
Қаңтар айында өткізілген қалалық «Жас қаламгер» атты әңгіме жазу байқауында 1-орынды гимназиямыздың 9 «А» сынып оқушысы Инкарбек Аяна иеленді. Оның қаламынан туған «Отан – отбасынан басталады » әңгімесін сіздерге ұсынбақпыз. Талабыңа нұр жаусын, қаламың ұштала берсін, шабытың шарықтай берсін!
«Отан – отбасынан басталады»
Тал түс. Ел түскі ұйқыда жатқанда Ахметсафа күнделікті әдеті бойынша дәлізгі бөлмеге шықты. Есік артындағы киім ілгіште ілулі тұрған анасының жейдесін алып, кеудесіне қыса құшырлана иіскеді. Жейдеден аңқыған ыстың иісі, анасының: «Құлыншағым, келе ғой» деп құшақтағанын еске түсіреді. Көз алдына жас тола бастады, өксіп жылағанын білдірмес үшін анасының жейдесімен бетін басып алыпты.
Анасы дүниеден өткен жоқ, жырақта. Қатты сағынады. Анасын көрмегелі бір жылдың жүзі болды, 4-сынып оқушысы үшін бұл үлкен сағыныш. Осы кезде әжесінің дауысы естілді.
- Әй жүгермек, қайда жүрсің?
- Міне, бара жатырмын.
Жетім қозыдай жалтаңдап әжесінің қасына келіп жетті.
-Жүгермек қайда жүрсің?
- Келдім ғой...
-Cөз қайтарма маған. Қараш бұның сөз қайтаруын.
Әжесі Бердікүл жүзі суық, әрдайым сұрланып тұратын кісі еді. Ахметсафа әжесінен бір мақтау сөз естіп көрмепті, әрдайым даттау. 3-сыныбын аяқтап 4-сыныпқа көшті, өзіннің достарымен бірге барып тұратын спорт мектебіне осы жаз аңсары ауып, қатты барғысы келді. Спорт мектебіндегі үйірмеге қатысу үшін, үйдегілерден қолхат алуы керек болды. Ахметсафа жүгіргеннен жүгіріп отырып, үйіне кіре сала: «Әже!» деп айқайлап жіберді.
-Не болды?
-Әже, мен спорт мектебіне қатысқым келеді!
-Қайдағы спорт мектебі, басымды ауыртпай жұмыс істе, кіп-кішкентай болып бақыраюуын қарашы, деп баланы жерден алып, жерге салды. Көңілі түскен бала көзінің жасын бір сығып алды.
Жайнаған жаздың күндері, уақыт сылдыраған судай сырғып өте берді. Әке-шешесі бар болса да өзін жалғыз сезінетін Ахметсафаның әке-шешесі қайда? Әкесі мен анасы тағдыр тауқыметімен, отбасы қамы үшін жеке біреудің шаруашылығында жалданып жұмыс жасайтын. Әкесінің есімі Ермек, анасы Райхан. Ермектің шешімі бойынша үйдің үлкені Ахметсафаны әжесінің қолына оқуға берген болатын. Әжесі ертегілердегідей ақылды, немересіне ертегілер айтып беретін әже сияқты емес, бір жылы сөз айтпайтын қатал болатын.Уақыт сырғып өтіп, қыркүйек айы да келді. Бүкіл балалар ата-анасымен бірге киім алып, сабақтарына дайындалып реттеле бастады. Ахметсафа ше? Ахметсафа барлық балаларды көріп қайта сағынышы оянды және өзін кем санау санасына кіре бастағандай. Бірақ Ахметсафа берілгісі келмеді, анасының айтқан сөздері есіне оралды: « - Балам, сен біздің болашағымызсың, үлкен жігіт болдың, тағдыр бізді осылай қысса да, сендердің болашақтарыңды жарқын қылсын. Өжет бол, сабағыңа көңіл бөл, басқалардың сөзі мұңайтпасын!» деген Райханның сөздері санасында сайрап тұрды. Анасының сөздерінен жігер алып, өзіне берік мақсаттар қойды, достарының мазақтарына ашуланбай, өзінің біліммен оза алатынын дәлелдегісі келді және бұл өзінің мұғалім болып қалыптасуына, бала тәрбиеін зерттеудегі алғашқы қадамдары екенін өзі де білмеді.
Сабақ басталды, Ахметсафа 4-сынып оқушысы. Үстінде көрші үйдің үлкен баласының көйлегі, әжесі былтыр келесі жылы да киесін деп әперген шалбары. Күнделікті сабаққа барып-келумен уақыт зымырап өте берді. 4-сыныптың соңы, бастауыш сыныппен қоштасып үлкен сыныпқа қадам басты. Ахметсафа үшін бұл жаз қуанышқа толы болды.
5-сыныпты ата-анасымен бірге оқитын болды, қуанышында шек жоқ.
Отбасылық жағдайлары жақсарып, әкесі басқа қызметке орналасты. Жеке шаруашылықтың цех басшысы. Ахметсафа өз әкесін қатты жақсы көреді. Бірақ советтік тәрбиені көп көріп өскен Ермектің балаға мейірімі қатты түспей қояды. Оның ойы бала-шағамның тамағы тоқ, көйлегі көк болса болды. Бала көңіліне, ішкі сезіміне үңіліп үйреніп көрмеген қаталдау жан еді. Бір күні Ахметсафа, әкесінің кілттерімен ойнамақ болып, сөреде ілулі тұрған кілттерді алады. Оны көріп, анасы:
- Балам, ойнап болған соң қайта орнына қой- деп ескертті. Ахметсафа:
-Мақұл, мама, қайта қоямын, деп жауап берген. Ахметсафа анасының айтқанын орындап кілттерді орнына қайта қойған болатын. Одан кейін Жақсыбек есімді әкесінің әріптесі келіп кілтті алып кетеді және оны ешкімге ескертпейді. Мұны Ахметсафа да, анасы да байқаған жоқ. Кешкісін Ермек келіп кілттерді іздей бастайды. Кілт жоқ. Анасынан сұрайды, соңғы рет Ахметсафаның ойнағанын айтады анасы. Ахметсафадан сұраса, Ахметсафа орнына қойғанын жасырмай айтады. Қатты ашуланған әкесі Ахметсафаның арқасынан шыбықпен салып-салып жібереді. Арада қанша жылдар өтсе де, бұл оқиға Ахметсафаның әлі күнге дейін есінде.
Міне арада біраз уақыт өтті, Ахметсафа 11-сынып түлегі. Райханның қуанышында шек жоқ, баласының ер азамат болғанына, тұлғасына қарап тамсанып тұр.
Ахметсафа кішкентайынан ерте есейді. Ата-анасының тұрмыстан қиналғаны, әжесінің және әкесінің мейіріміне қанбай өскені – барлығы бойынан байқалып тұрды. Ахметсафа тұйықтау бала болып өсті, өз ойын көп жерде жеткізе алмайтын еді. Әсіресе әкесінен: көп қолдау күтетін. Әкесінің «Балам, болашағыңнан қорықпа, мен саған әрдайым ризамын!» деп айтқан сөздерін қалап өсті. Кейбір кезде Ахметсафа өз қиялынан әке құрастыратын болыпты. Идеял әке. Кеудесіндегі барлық сырын ашылып айтатын, қолдау ала-алатын әкені ойлайтын болған. Осындай олқылықтар Ахметсафаның бойында қала берді.
Анасының тілегі қабыл болып, Ахметсафа жоғарғы оқу орнына түсті. Ахметсафа өзі қалаған мұғалім мамандығын таңдады.
Ахметсафаның педагогика мамандығын таңдауына өзінің өмірі әсер етті. Балалармен жұмыс жасап, оларға білім ғана емес, қосымша тәрбие беріп, өмірлеріне үлгі болғысы келді. Ахметсафаның ұстаз болғандағы басты ұстанымы «Ұстаз деген- баланың көкжиегін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, оны болашақ өмірге дайындайтын басты тұлға». Екінші ұстанымы керемет әке болу еді, өзінің кішкентайынан әкеге сезімін білдіре алмаған кездері, өз ойын ашық айта алмаған кездері. Осының барлығы көзі ашық Ахметсафаның басты мақсаттарына айналды. Өз бойындағы олқылықтарды өз баласының бойына сіңірткізбей, баласының сезімін түсінетін әке болуды мақсат етті. Өзі де оқып-тоқып, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті азамат болғысы келді. Еліне қызмет ететін, нар тұлғалы ұлт ұстазы болуды аңсады!