«МЫҢ БІР МАҚАЛ, ЖҮЗ БІР ЖҰМБАҚ» МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРАСЫ
10 сәуір күні Тұңғыш Президент саябағында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған "Біз - тәуелсіз елдің болшағымыз!" атты қалалық іс-шара аясында Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия "МЫҢ БІР МАҚАЛ, ЖҮЗ БІР ЖҰМБАҚ" атты танымдық-мәдени іс-шара өткізді.
Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол – ғасырлар бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, атадан балаға қалдырып келе жатқан мұра. Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсерлі. Олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі, ұшқырлығы, тереңдігі мақал-мәтелдердің сапаларын анықтайды. Мақал-мәтелдер адамды сөз қадірін білуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге, айналадағыларға мейірбан, кеңпейіл болуға, сезімтал болуға, халық шығармашылығының інжу-маржанын бағалай білуге баулиды.
Мақал-мәтел – әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған. Мақалдар мен мәтелдерде айтылмайтын, сөз болмайтын өмір саласы жоқ десе де болады. Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады. Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.
Қазақ ауыз әдебиетінен орын алған және ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу үстінде келе жатқан жанрдың бірі – жұмбақтар. Ол барлық елдің ауыз әдебиетіне ортақ жанр. Жұмбақ заттың өзін айтпай оның түр-түсін , сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас жақтарын сипаттайды, ал заттың өз атын жасырып ұстайды. Ойға алған нәрсенең өзін айтпай, оның сырт көріністерін, сыртқы белгілерін қысқаша сипаттауды, солар арқылы жұмбақ етілген затты табуды жұмбақ дейміз. Жұмбақ айту әр халықтың әріден келе жатқан дәстүрінің бірі.
Ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі саналатын мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды кеңінен насихатттауды мақсат еткен шара көпшіліктің көңілінен шықты. Шара барысында тек мақал-мәтелдер мен жұмбақтардан ғана емес, ән мен биден де шашу шашылып, жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.