«Үздік өзін-өзі тану мұғалімі» байқауы
Педагогтеріміздің қоғамдағы мәртебесін және беделін, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін арттыру мақсатында 2021 жылдың қараша айында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану мұғалімі» облыстық байқауы болып өтті.
Байқау алдымен Тараз қаласы ұстаздарының арасында өткізілді. Қаладағы тәжірибелі, білікті ұстаздар жарысында Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның өзін-өзі тану пәні мұғалімі Үшкемпір Арайлым Нұржанқызы топ жарып, І орынға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде де әріптесіміз өз шеберлігін көрсете білді. Шәкірттері мен ата-ана арасындағы байланысын дұрыс жолға қоя білген Арайлым Нұржанқызы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Арайлым Нұржанқызы – өз мамандығына сай білімді, жан-жақты дамыған тұлға. Шәкірттері де еңбегін ақтауда. Облыстық, республикалық жарыстарда үнемі олжалы қайтады. Жауапкершілігін жеке басынан жоғары қоя білген Арайлым Нұржанқызы өз ортасында сыйлы, талантты ұстаз. Біз әріптесімізді мақтан тұтамыз. Әрдайым биіктен көріне беретіндігіне сеніміміз мол!
Бастауыш пәні мұғалімі Асадилова Тынар Муфильдақызы