Жамбыл Жабаев 175 жыл
Жамбыл Жабаевты М.Әуезов «Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» деп атаған. Ол жастайынан сөз өнерін пір тұтып, бала кезінде-ақ, Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай»,- деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отыратын. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол, он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып, елге таныла бастаған екен.
Қазақтың Жамбыл: «Уа, әлеумет, құлақ сал! Қария Жамбыл жырласын! Мен сөйлемей кім сөйлер, Заманам менің сырласым», – деп еді. Заман өзгерер, уақыт зымырар, бірақ өзгермейтін бір-ақ нәрсе, ол құрыштай құйылған Жамбыл бабаның өлеңдері.
Биыл қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175жыл толғалы тұр. Осыған байланысты ақпан айында гимназиямыздың 7-5 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ажибаева Айнұр Усербаевна мен Мұсабекова Мадина Даниярбекқызының ұйымдастыруымен «Жамбыл Жабаев-175 жыл» тақырыбында зияткерлік ойын өткізілді. Жарыс барысында оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап бере отырып, жан-жақты білімді екендігін көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты.
Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин.
Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.