«Қазақ даласының қайсар қызы»
Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші – Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова.
«...Ерліктің қос қанаты деп білем мен, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деген әнді қосыла шырқаған әрбір қазақ қызы қос батыр апаларының ерлігіне сүйсіне өскен. Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Екі ұлдан кейін дүниеге келген қызының қарақаттай көздеріне қарап анасы «Моншағым» деп еркелетеді. Атын айтуға тілі келмеген кішкентай Мәнсия өзін «Мәншүк» деп атап кетеді.
«Максим» пулеметінен, автоматтық қарудан атуды меңгерген Мәншүк шайқастарда жауға бет қаратпай оқ жаудыратын болған. Қазақ қызының қайсарлығына сүйсінбеген жан қалмаған. Тектілігі мен ептілігінің арқасында Мәншүк жауларына сан мәрте тойтарыс берген.
"Қазақ даласының қайсар қызы" атты Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай өткізілген қалалық брейн-рингте Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия оқушыларынан құралған "Ерлік" тобы үздік өнер көрсетіп, БАС ЖҮЛДЕ иеленді. Жеңімпаздарымызды жеңістерімен құттықтаймыз!
Әбутәліпқызы Мадина